"Табиғи-ресурстық әлеуеттің антропогендік өзгерістерін бағалау және картаға түсіру тәсілі" патенті алынды

 

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде аль-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң қоса орындаушылармен  қарқынды антропогендік әсер ету жағдайында табиғи ресурстардың жай-күйін автоматтандырылған мониторингтеу және кеңістіктік бағалау әдістерін жетілдіруге бағытталған "Табиғи-ресурстық әлеуеттің антропогендік өзгерістерін бағалау және картаға түсіру тәсілі" (№ 12357) пайдалы моделіне патент алынды. Әзірленген әдіс цифрландыру және қоршаған ортаны қорғау саласына жатады және урбанизацияға, өнеркәсіптік пайдалануға, жер жамылғысының өзгеруіне және гидрологиялық режимнің өзгеруіне ұшыраған аумақтардың табиғи-ресурстық әлеуетінің өзгерістерін анықтауға, талдауға және картаға түсіруге арналған.

Пайдалы модель алдын-ала өңдеуден және атмосфералық түзетуден өткен 10-20 м кеңістіктік ажыратымдылығы бар Жерді қашықтықтан зондтаудың көп спектрлі деректерін қолдануға негізделген. Табиғи компоненттердің, ең алдымен су объектілерінің техногендік беттерден дифференциациясының дәлдігін арттыру үшін MNDWI модификацияланған қалыпқа келтірілген айырмашылық су индексі қолданылады. Бұл индексті пайдалану тығыз қала құрылысы жағдайында су объектілерін тану кезінде туындайтын жалған оң нәтижелердің санын азайтуға, сондай-ақ су ресурстарының шекараларын анықтау дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әзірленген әдіс ЖҚЗ бастапқы деректер базасын дәйекті қалыптастыруды, спутниктік суреттерді спектрлік өңдеуді, MNDWI индексін есептеуді, су ресурстарының маскаларын бөлуді және оларды өнеркәсіптік аймақтарды, елді мекендерді және көлік инфрақұрылымын қоса алғанда, антропогендік жүктеменің векторлық қабаттарына кеңістіктік қабаттастыруды көздейді. Алынған нәтижелер негізінде табиғи-ресурстық әлеуеттің антропогендік өзгерістерін картаға түсіру және гидрологиялық режимге тікелей техногендік әсер ету учаскелерін анықтау орындалады.

Батыс Қазақстан облысы шегінде Жайық өзені бассейнінің аумағында пайдалы модельді сынақтан өткізу су объектілерінің микроқұрылымдарын анықтау, олардың ауданының қысқаруын бағалау және экологиялық мониторинг пен басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ұсынымдар қалыптастыру мүмкіндігін көрсетті. Алынған патент Орал өңірінің табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау үшін әзірленген тәсілдің практикалық маңыздылығын растайды.