BR28712767 «Орал өңірінің экологиялық, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық-географиялық, палеобиогеографиялық аспектілерін зерттеу және оның табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау» бағдарламасы аясында (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы) М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалым-географтары 15–29 маусым аралығында ландшафттарға, аумақтың табиғи-ресурстық және өндірістік әлеуетіне, ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандарына экспедициялық-далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедициялық-далалық зерттеу маршрутының ұзындығы 3400 км-ден асты.
Геоботаникалық, ландшафттық, геоэкологиялық және экономикалық-географиялық зерттеулер үш табиғи зонаның (далалық, шөлейт, шөлді) шегінде орналасқан негізгі учаскелерде жүргізілді. Олар:
- Ақтөбе облысының Қобда елді мекенінің ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандары зерттелді.
- Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында орналасқан Қарғалы су қоймасы. Қарғалы су торабы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті «ҚАЗСУШАР» РМК Қарғалы өзенінде орналасқан.
- Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында орналасқан Қасқыр сарқырамасы. Қасқыр сарқырамасы – Ебіті өзенінде орналасқан. Ақтөбе облысындағы ең көрікті табиғи нысандардың бірі. Сырт көзге табиғи сарқырама болып көрінгенімен, ол жасанды гидротехникалық құрылыс болып табылады. Уақыт өте келе бұл жер өңірдің танымал туристік орындарының біріне айналған. 1970-жылдары Үлкен Әщілісай су қоймасынан (БАМ) су бұру арнасын салу кезінде жасалған жасанды сарқырама. Қасқыр сарқырамасы өңірдің табиғи-ландшафтық ерекшеліктерін, гидрологиялық режимін және геоморфологиялық құрылымын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды нысан болып табылады.
- Ақтөбе облысы Бадамша ауылының батысында орналасқан Жұрмыш жұмыс істемейтін карьері.
- Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы «Мирный» карьері. 1985 жылы ашылған хром кен орыны. 200 м тереңдікте орналасқан карьер.
- Ақтөбе облысы Хромтау қаласынан 11 км қашықтықта орналқан Ойсылқара өзенінде Абай су қоймасы.
- Ақтөбе облысы Алға ауданы орталығы ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандары зерттелді.
- Ақтөбе облысы Қандыағаш ауданы орталығы ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандары зерттелді.
- Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында орналсқан Орман құмды массивтерінде геоботаникалық ландшафтық зерттеулер.
- Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандары зерттелді.
- Атырау облысындағы Қырықмылтық мұнайкен орны.
- Атырау облысындағы Иманқара тауы.
- Атырау облысындағы Құлсары қаласынан солтүстік-шығыс бағытта 150 км қашықтықта орналасқан Желтау.
- Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында орналасқан Бесшоқы (Нарын құмдарының құмды алқаптары мен шағылдары (бархандары).
- Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданында орналасқан Жамантау және Хаки көлі соры, Аралсор көліндегі зерттеулер.
Зерттеу барысында дрон көмегімен аэрофототүсірілім жүргізіліп, жер бедері, өсімдік жамылғысының құрамы мен жай-күйі, антропогендік нысандар сипатталды; GNSS-қабылдағышын пайдалану арқылы геоботаникалық профильдер жасалды; сорлы көлдерден балшық сынамалары алынды. Аудандық әкімдіктерде әкім орынбасары мен аппарат жетекшілерімен кездесулер өткізіліп, Ақтөбе облысы Қобда, Қарғалы, Бадамша, Хромтау, Алға, Қандыағаш және Атырау облысы Қызылқоға аудандарының ауылдық округтер мен елді мекендердің әлеуметтік-демографиялық және экономикалық дамуы жөніндегі статистикалық мәліметтер алу туралы әңгіме қозғалды. Далалық-экспедициялық жұмыстар барысында Мұғалжар аумағының, Каспий маңы ойпатының табиғи-ресурстық әлеуеті жоғары аймақ екенін айғақтады. Аталған аумақта табиғи және табиғи-техногендік кешендер, минералдық-шикізат қорлары, сондай-ақ маңызды өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары шоғырланған. Зерттеу барысында ландшафттардың антропогендік өзгеріске ұшырау деңгейі анықталып, олардың экологиялық жағдайға әсері бағаланды. Осыған байланысты экологиялық тәуекелдерді жан-жақты саралау және табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеу қажеттілігі айқындалды.


















