М.Өтемісов атынд. БҚУ-індегі географиялық және арахнологиялық экспедициялық-далалық зерттеулері

BR28712767 «Орал өңірінің экологиялық, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық-географиялық, палеобиогеографиялық аспектілерін зерттеу және оның табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау» бағдарламасы аясында (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы) М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің географтары мен арахнолог ғалымдары 5–12 шілде аралығында ландшафттарға, аумақтың табиғи-ресурстық және өндірістік әлеуетіне, ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандарына экспедициялық-далалық зерттеу жұмыстарын және аймақтың өрмекшітәрізділерін зерттеу жүргізді. Экспедициялық-далалық зерттеу негізінен құмды алқаптарды және сорларды қамтыды, сонымен қатар  маршрутының ұзындығы 2800 км-ден асты.

Үш табиғи зонаның (далалық, шөлейт, шөлді) шегінде орналасқан негізгі құмды учаскелерде жүргізілді. Олар: Батыс Қазақстан облысындағы Бұйғыл құмдары, Таубау қонысы, Қараағаш қонысы, Жаршағыл құмдары, Аққұм, Көкөзек құм, Қарағанды құмы және Атырау облысындағы Тайсойған құмы. Сонымен қатар. Соркөл көлі мен Индер көлінен балшық сынамалары алынды. 

Зерттеу барысында барлық құмдарда дрон көмегімен аэрофототүсірілім жүргізіліп, жер бедері, өсімдік жамылғысының құрамы мен жай-күйі, антропогендік нысандар сипатталды; GNSS-қабылдағышын пайдалану арқылы геоботаникалық профильдер жасалды; сорлы көлдерден балшық сынамалары алынды. Аталған аумақта табиғи және табиғи-техногендік кешендер, минералдық-шикізат қорлары, сондай-ақ маңызды өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары шоғырланған. Зерттеу барысында ландшафттардың антропогендік өзгеріске ұшырау деңгейі анықталып, олардың экологиялық жағдайға әсері бағаланды. Осыған байланысты экологиялық тәуекелдерді жан-жақты саралау және табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеу қажеттілігі айқындалды.