БҚУ ҒАЛЫМ-ГЕОГРАФТАРЫНЫҢ ЭКСПЕДИЦИЯЛЫҚ-ДАЛАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРІ

BR28712767 «Орал өңірінің экологиялық, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық-географиялық, палеобиогеографиялық аспектілерін зерттеу және оның табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау» бағдарламасы аясында (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы) М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалым-географтары 14–20 мамыр аралығында ландшафттарға, аумақтың табиғи-ресурстық және өндірістік әлеуетіне, ауылдық елді мекендер мен олардың әлеуметтік нысандарына экспедициялық-далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедициялық-далалық зерттеу маршрутының ұзындығы 1800 км-ден асты.
🌐 Геоботаникалық, ландшафттық, геоэкологиялық және экономикалық-географиялық зерттеулер екі табиғи зона асты (шөлейттенген далалар мен солтүстік шөлдер) шегінде орналасқан он екі негізгі учаскеде жүргізілді. Олар:
✅ Атырау облысының Индер ауданында (Индер көлінің солтүстік-шығыс жағалауы маңындағы Индер кен орнының табиғи тұз күмбезді көтерілімдері мен үйінділері, аталған кен орнының жұмыс істемейтін карьері);
✅ Исатай ауданында (Каспий теңізінің солтүстік жағалаулық құмды алқаптары, Атырау – Астрахань автомобиль жолы маңындағы мұнай ұңғымалар мен резервуарлар, Аққыстау ауылындағы әлеуметтік нысандар);
✅Құрманғазы ауданында (Атырау – Астрахань автомобиль жолынан солтүстікке қарай 74 км қашықтықтағы Нарын құмдарының құмды алқаптары мен шағылдары (бархандары), Құрманғазы ауылындағы әлеуметтік маңызы бар ұйымдар);
✅Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында (Индер көлінің солтүстігінде орналасқан Индер кентіндегі гипс өндіру және гипсокартон шығару мақсатында Индер кен орны үйінділерін қайта пайдалануға арналған жұмыс істеп тұрған карьер);
✅ Жаңақала ауданында (Камыш-Самар жайылмасындағы Еділсор және Жалтыркөл көлдері маңындағы аумақ учаскелері, Көпжасар ауылынан 1,5 км қашықтықта орналасқан жасанды су жинақтау құрылысы (қопа), аталған ауылдық елді мекеннің әлеуметтік нысандары).
📝 Зерттеу барысында дрон көмегімен аэрофототүсірілім жүргізіліп, жер бедері, өсімдік жамылғысының құрамы мен жай-күйі, антропогендік нысандар сипатталды; GNSS-қабылдағышын пайдалану арқылы геоботаникалық профильдер жасалды; сауалнамалар мен әңгімелесулер негізінде Индер кен орны үйінділерін қайта пайдалану көлемі, гипс өндірісі, әлеуметтік ұйымдарының сыйымдылығы және т.б. туралы бастапқы деректер жинақталды. Сонымен қатар аудандық әкімдіктерде әкім орынбасары мен аппарат жетекшілерімен кездесулер өткізіліп, Атырау облысы Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарының ауылдық округтер мен елді мекендердің әлеуметтік-демографиялық және экономикалық дамуы жөніндегі статистикалық мәліметтер алу туралы әңгіме қозғалды.
🚩 Далалық зерттеулердің алдын ала нәтижелері Каспий маңы ойпаты аумағының табиғи-ресурстық маңызы жоғары екенін көрсетті. Бұл өңір әртүрлі табиғи және табиғи-техногендік кешендерді, минералдық-шикізат ресурстарын, маңызды өндірістік және әлеуметтік нысандарды қамтиды және олар Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жергілікті және өңірлік аумақтық әлеуметтік-экономикалық жүйелердің даму үрдістері мен қызмет ету ерекшеліктерін айқындайды. Сонымен қатар ландшафттардың антропогендік трансформациясы үдерістері анықталды, бұл экологиялық тәуекелдерді кешенді бағалауды және табиғатты ұтымды пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеуді талап етеді. Жиналған материалдар Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының экологиялық жағдайын, әлеуметтік-демографиялық және экономикалық дамуын одан әрі талдауға, табиғи-ресурстық әлеуетін бағалауға және Орал өңірінің тұрақты дамуына арналған ғылыми-тәжірибелік ұсынымдар дайындауға негіз болады.